Зиянкестер – адам мен жануарлар организмінде әр түрлі ауру қоздырғышын таратып, өсімдіктерді зақымдайтын жәндіктер тобы. Зиянкестер адамға, малға, орман мен ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтіреді.
Ауыл шаруашылығы зиянкестері – егістік пен табиғи өсімдіктерді зақымдап, түрлі аурулар таратады. Бұларға, негізінен, кемірушілер, бауыраяқты ұлулар, жұмыр құрттар т.б. жатады. Жиі кездесетін түрлері: шаян тәрізділер, көп аяқтылар және өрмекші тәрізділер. Көптеген дақылдардың өнімдеріне үлкен зиян келтіретін көпқоректілер: шегірткелер, шілделіктер, күздік көбелектер, шалғын көбелек, шыртылдақ қоңыз, қара қоңыз т.б.
Зиянкестер – өздерінің биологиялық ерекшелігімен, түрлерінің көптігімен, өсімталдығының жоғарлығымен және өсіп-өну процесінің шапшаңдығымен ерекшеленеді.
Зиянкестердің таралуы және олардың кешенді түрлерінің бірлестігі, бір егістікте қалыптасуы, қоршаған ортаның жағдайына және сол ортаға бейімделуіне байланысты. Астық дақылдарының зиянкестері астық өнімдерін күзде тасығанда және қыста сақтау кезінде зақымдайды. Бұларға өрмекші тәрізділер (мыс,астық кенесі т.б), қоңыздар (мыс, астық қоңызы, астық тескіші, астық сүлікшесі, бізтұмсық қоңыздар т.б), көбелектер (мыс, астық сұр көбелегі, дән қоңыр көбелегі т.б) жатады. Кенелер, қоңыздар, көбелектер – арпа, бидай, сұлы, күріш, жүгері т.б дақылдардың жапырағын, сабағын зақымдап, дернәсілдері өсімдіктің дәнімен қоректенеді. Бұдан астық дақылдарының өнімі кемиді.
Біздің аймақта итальяндық прус және азиялық шегірткелер кең таралған. Олардың дәнді-дақылдарды, көкөністер мен бау-бақшаларды, жайылымдықтар мен шабындықтарды отайтыны баршамызға белгілі. Шегіртке зиянкестері күн ыстықтаған сайын өсімдіктерден мол ылғал алу үшін онымен көп қоректенеді. Аса қауіпті шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарына Республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.
Үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар құзіретіне берілген. Шаруашылық құрылымдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесіп, мониторингтік зерттеу жұмыстарын жүргізіп келер жылға өңдеуге жатқызылған көлемдерін анықтау қажет. Бірнеше жыл қатарынан саяқ шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары сапалы жүргізілсе көбеюін тоқтата аламыз.
ҚР АШМ АӨК МИК Орал қалалық аумақтық А.Габдулова
инспекциясының бас маман-өсімдіктерді қорғау
жөніндегі мемлекеттік инспекторы











