Ел ертеңі болып саналатын жастардың қоғамда алатын орны ерекше. Алғыр да парасатты, білімді, жаңашылдыққа бейім жастардың ауыл өміріне араласуы құптарлық та қуантарлық іс. Өңірімізде жас мамандар саны артып келеді. Аталған жас мамандарымыздың бірі де бірегейі Габбасов Темірлан Серікұлы.
Темірлан қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Сырым аудандық аумақтық инспекциясының бас маман-өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы болып абыройлы қызмет атқаруда. Ол жастығына қарамай өз лауазымдық қызметтерін атқаруда әрдайым алғырлық танытып, мемлекеттік қызметкер деген атқа кір келтірмеуді басты назарда ұстанады. Білікті қызметкер ғана емес, өзгелермен тез тіл табыса білу, үлкенді үлгі тұтар, кішіге қамқор болар қасиетімен де әріптестерінің арасында өте сыйлы, беделі басым азамат. Білгенін аянбай айтып, білмегенін тәжірибелі мамандардан үйреніп, өз ісінің қыр мен сырын меңгеруге әрдайым әзір.
Мамандығынан бөлек қоғамдағы орны мен адамдығының шыңы арқасында туған елінін гүлденуіне өз үлесін қосып келеді. Ұлттық спортты насихаттауда да алғырлық танытып, атап айтқанда, қазақ күресі, қой көтеру тағы басқа ұлттық спорт түрлері бойынша аудан, облыс жеңімпазы, мемлекеттік қызметшілер арасында қол күресінен де бірнеше дүркін ауыр салмақта аудан, облыс жеңімпазы атанып жүр.
Жас келсе іске дегендей, жастық жігерін алтын бесік ауылының өркендеуіне арнап жүрген Темірландай жастарымыздың ізденімпаздығы, жан-жақтылығы, үйренуге деген құлшынысы көптеген жас мамандарға үлгі
Ел боламын десең, бесігіңді түзе дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан еліміз үшін, дарынды, білімді, білікті, жігерлі жастардың орны әркез ерекше. Әріптес ретінде Темірлан Серікұлынан болашақта күтер үмітіміз зор. Еңбек майданына араласқан жас маманға әрдайым еңбегі жанып, ел үмітін ақтайтын атаулы тұлға болсын деп тілеймін.
ҚР АШМ АӨК МИК Сырым
аудандық аумақтық инспекция басшысы А. Утепов












