Темирлан Темиралиев - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының кадр, ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы – Әдеп жөніндегі уәкіл

2017 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаны баршаға белгілі.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық - рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – халқымыздың ұлттық салт - дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасының рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс деп есептеймін. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны жеке азаматтар үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де маңызды.
Мемлекет Басшысы бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке - жеке тоқталады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, жаңғырудың алты бағыты белгіленді:
- Бәсекеге қабілеттілік;
- Прагматизм;
- Ұлттық бірегейлікті сақтау;
- Білімнің салтанат құруы;
- Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
- Сананың ашықтығы.
Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл - парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерді білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде әрбір тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз.
Осы орайда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының халыққа жолдаған бағдарламалық мақаласы шеңберінде "Өзгерістерді өзіңнен баста" арнайы жобасын іске қосқан болатын. Құжат мемлекеттік қызметшілердің сана-сезімін жаңғыртуға бағытталып отыр.
«Өзгерістерді өзіңнен баста» деп аталатын бұл тармақ мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысы мен санасын өзгертуді көздейді. Одан бөлек, мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіруге негізделген.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» деп аталатын бесінші кіші тармағына тек мемлекеттік қызмет Агентігі ғана емес барлық мемлекеттік қызметкерлер де жауапты болып табыламыз. Бұл жердегі біздің басты аудиториямыз – біз боламыз, біздің де мекемеде халыққа қызмет көрсететіндіктен, қоғамның игілігі бірінші орында болуы қажет. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің санасын өзгертумен мемлекеттегі жүйені толықтай өзгерте алмаймыз. Сол үшін азаматтық секторды да тартудамыз, нақты айтқанда біз «Жанару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет екендігін білдіреді. Қоғам үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік қызметшілер арқылы мемлекеттік органдардың ашық әрі таза жұмыс істейтініне көз жеткізуі тиіс.
Сонымен қатар, инспекцияның мемлекеттік қызметкерлері де театрға, бос уақыттарында мәдени кітаптарды оқуға, цифрландыру технологияларды менгеру мақсатында өздерінің біліктілігін арттыру бойынша ұдайы ізденісте болуы шарт.











