ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Р.Ким жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына атбасын тіреп, ауыл шаруашылығы саласындағы ұжым қызметкерлерімен кездесті деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының баспасөз қызметі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған кезекті жолдауында агроөнеркәсіптік кешен саласында 2022 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру туралы мақсат-міндет қойған болатын. Осы орайда, ҚР-ның агроөнеркәсіптік кешен саласын дамыту жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында өткен жылы ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 13 млрд теңге қаражат бөлінді, бұл 2017 жылмен салыстырсақ 30 пайызға артық.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамытуға «ҚазАгро» АҚ арқылы 11 млрд-тан аса несие берілген. 2018 жылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 95 пайызды құрап, 141 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Д.Умашев ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Р.Кимнің ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен өткен жиында мәлімдеді. Сонымен қатар Д.Умашев ауыл шаруашылығы саласында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын, 2017 жылмен салыстырғанда былтыр егіс алқабы көлемінің 4,4 пайызға артқанын, мал шаруашылығы саласында мүйізді ірі қара мал басы санының 5, жылқы малының 8 пайызға өсім байқалғанын, асыл тұқымды малдың үлесі мүйізді ірі қара бойынша 8, қой 4, жылқы 6 және түйе 11 пайызға жеткенін, шетелге 2400 тоннадай мүйізді ірі қара мал етінің экспортқа шығарылғандығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы бойынша да 2018 жылы бірқатар оңды істер қолға алынған. «2018 жылы облыс бойынша жалпы 5 млн га жерге аса қауіпті зиянкестерге қарсы зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы облыс аумағынан Ресей Федерациясы еліне және Батыс Қазақстан облысы аумағына қарай үйірлі шегірткенің ұшып қоныстануы байқалған жоқ. Республикалық бюджет есебінен итальян шегірткесіне қарсы 176,71 мың.га, жергілікті бюджет есебінен саяқ шегірткелердің дернәсілдеріне қарсы 52,006 мың га, бидай трипісіне қарсы 3,5 мың га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өсімдіктер карантині саласы бойынша карантиндік объектілерді анықтау мақсатында 247,141 мың.га аумақта зерттеу жұмыстары жүргізілді. Көктемгі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде карантиндік арамшөп - жатаған укекіремен залалданған ошағы - 1566,75 га, ал карантиндік зиянкес – жұпсыз жібек көбелегімен залалданған ошағы - 504,7 га құрады. Анықталған мемлекеттік қордағы карантиндік объектілердің ошақтарында «Фитосанитария» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорынымен бірлесе отырып, химиялық улау жұмыстары жүргізілген болатын. Өткен жылы жалпы карантиндік өнімдер, соның ішінде 153024 мың.тонна астық тұқымдас өнімдер (бидай, арпа, кебек, ұн т.с.с), 454,04 текше метр ағаш материалдары, 144102 мың.тонна жеміс-жидектер мен көкөністер, 12 739 435 дана отырғызылатын және себілетін тұқымдық материалдар импорт және экспортқа шығару барысында инспекцияның мемлекеттік инспекторларымен тексерілді. Жалпы жыл басынан бері «Фитосанитария» Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны арқылы импортталған және экспортталған өнімдерден 1508 дана үлгі алынып, сараптама нәтижесі көрсеткендей карантиндік нысандар табылмады.»,-деді аталған инспекция басшысының орынбасары С.Бадеев.
Кеңес барысында шаруа қожалығы, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, еңбек ардагерлері мен сала мамандары халық қалаулысына ауыл шаруашылығы саласында күрмеуі көп шешілмеген өзекті мәселелер туралы өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, қолданыстағы заңнамалар тетіктері мен мемлекеттік бағдарламалардың жетілдіруді қажет ететін тұстары жөнінде бірқатар нақты ұсыныс-пікірлер білдірді.
Басқосуға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Л.Хайретдинов, бірқатар облыстық басқармалар мен ведомство басшылары мен сала қызметкерлері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.
{gallery}2/2{/gallery}










