Ауыл шаруашылығы саласы – мемлекетіміздің экономикалық дамуының басты драйвері саналады. Осыған орай, елімізде осы салада үздіксіз аянбай қызмет атқарып келе жатқан сала еңбеккерлерінің құрметіне орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «ҚР-ндағы кәсіби мерекелер және атаулы күндер туралы» Жарлығына сәйкес қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні болып жарияланған болатын.
Биылғы жылы да кәсіби мейрам елеусіз қалмай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты облыстық мекеме-ұйымдар арасында төл мереке жоғары деңгейде атап өтілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы және министрлікке қарасты мекеме-ұйымдардың қолдауымен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні мерекесіне орай ағымдағы жылғы 13 қарашада Орал қаласы, «Арман» спорт кешенінде «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кубогы үшін» волейболдан Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметшілері және министрлікке бағынысты мекемелердің қызметкерлері арасында облыстық турнир өткізілді. Мерекелік шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары И.Стексов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Мемлекеттік астық инспекциясы Басқармасының басшысы – Әдеп жөніндегі уәкіл Қ.Мустафина, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Л.Хайретдинов, сонымен қатар бірқатар облыстық басқармалар мен инспекция басшылары, ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Кәсіби мейрамға арналған шараның ашылу рәсімінде еліміздің өркендеуі жолында ауыл шаруашылығының алар орны зор екенін ерекше атап өткен облыс әкімінің бірінші орынбасары И.Стексов, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Істілеуов және «Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы Ғ.Сахипов барша сала ардагерлері мен қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтап, ҚР-ның Мемлекеттік Әнұраны салтанатты түрде ойналды.
Кәсіби мереке аясында өткен спорттық шараға 14 облыстық мекеме ұжымдары қатысып, 5 топ бойынша 13 құрама команда шаршы алаңда бақ сынасты. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып, еселі еңбек етіп келе жатқан мемлекеттік қызметшілер өздерін тек қана қызмет барысында кәсіби біліктілігімен ғана емес, спортта да өз бабында екенін көрсетті.
Мемлекеттік қызметшілер мен ұйым қызметкерлері арасында волейбол ойыны тартысты өтіп, 8 сағатқа созылған турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс әкімінің бірінші орынбасары И.Стексовтың арнайы дәрежедегі дипломымен марапатталды. Барша мемлекеттік қызметшілер асыға күткен облыстық турнирде 1-ші орынды Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы жеңіп алып, облыс әкімінің бірінші орынбасары И.Стексов жеңімпаз командаға «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кубогын» салтанатты түрде табыс етті. Ал 2-ші орынды Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және 3-ші орынды №1 Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекцияларының командасы иеленді. Сонымен қатар, белсенді ойын түрін көрсеткен тиісті команда қатысушылары да назардан тыс қалмады. Атап айтсақ, «Қазсушар» ШЖҚ РМК Батыс Қазақстан филиалы командасының ойыншысы Е.Утешев «Үздік байланыстырушы»,№1 Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы командасынан Т.Имангазиев «Үздік шабуылшы», Батыс Қазақстан облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасынан Ж.Молдашев «Үздік қорғаушы», Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасынан Т.Каюпов «Үздік ойыншы», Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан Қ.Менеев «Ардагер ойыншы», №1 Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясынан Г.Сауменова «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды.
«Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы Ғ.Сахипов мекеме-ұйым қызметкерлері арасында өткен облыстық турнирге белсенді қатысып, облысымызда бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар облыстық басқармалар мен ұжымдарға Алғыс хат табыстады.
Төл мереке қарсаңында оздырылған шара ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің мерейін асырып қана қоймай, облыс тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан қомақты үлесі деп есептейміз.










