Индустрияландыру бағдарламасы аясында елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық берілгені белгілі. Бұл саланың экономикадағы орны ерекше және мемлекеттің бәсекеге қабілетті арттыруға әрі халықтың әл-ауқатың одан әрі жақсартуға зор пайдасын тигізе алады. Сондықтан да мемлекет экономиканың тұрақты өсіміне сүбелі үлес қоса алатын салаға, сонғы жылдары жүйелі қолдау көрсетуде. Әсіресе, мал шаруашылығын өркендетуге айрықша көңіл бөліне бастады. Жалпы, етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобалардың бірі - республикамыздағы өнімді көп беретін асыл тұқымды мал басын ұлғайту болса, екіншісі - етімізді көрші нарықтарға шығару.


Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарда қалыптасып отырған жағдай малды асылдандыру ісін жақсартуды,оның тұқымдық және өнімділік саласын арттыруда шешімді шаралар алуды талап етеді. Мемлекеттен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне асыл тұқымды мал сатып алу үшін несиелер бөліп, түрлі қаржылай қолдаулар көрсетуде.


Қазақстан Республикасының «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңына 2015 жылғы 27 қарашада өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа нормаларға сәйкес «асыл тұқымды зауыт» және «асыл тұқымды шаруашылық» мәртебелері алынып тасталып, орнына «республикалық палаталар» және «асыл тұқымды мал» деген ұғымдар енгізілді.


Республикалық палаталар асыл тұқымды малдарды өсіру және (немесе) өсімін молайтуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін іске асыру және қорғау үшін құрылатын және жұмыс істейтін коммерциялық емес, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.


Асыл тұқымды мал - республикалық палатада тіркелген, тұқымның өнімділік бағыты мен денгейіне сай келетін таза тұқымды мал. Сол себепті ірі қара, қой-ешкі, жылқы, асыл тұқымды мал шаруашылығы салаларында республикалық палаталар құрылуда. Оған асыл тұқымды малы бар жеке және заңды тұлғалар кіруге тиісті. Аталған Заңның 19-бабына сәйкес Республикалық палатада тіркелген асыл тұқымды малдар уәкілетті орган бекіткен нұсқаулыққа сәйкес бонитерлеуге (бағалауға) жатады. Бонитерлеуден (бағалаудан) өтпеген асыл тұқымды малдарды асыл тұқымдық мақсаттарда өткізуге жол берілмейтіндігі, ал бонитерлеуді (бағалауды) мемлекеттік тіркелімге тіркелген бонитерлер (сыныптаушылар) жүргізеді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014 жылғы 10 қазандағы № 3-3/517 бұйрығымен «Етті бағыттағы ірі қара малдарының асыл тұқымдық құндылығын бонитерлеу (бағалау) және өсімін молайту жөнінде» нұсқаулық бекітілген.


Еттілі бағыттағы ірі қара малды бонитерлеу (бағалау) жыл сайын меншік нысанына қарамастан асыл тұқымды малдары бар шаруашылықтарда тамыздан қазан айына дейін (аймақтармен малдың күйіне байланысты) жүргізіледі.


Малды бонитерлеуден (бағалаудан) өткізу нәтижесі бойынша жиынтық ведомості толтырылып, келесі сұрақтарға сарапталған есеп жасалынады:

  • Бонитерлеуден (бағалаудан) өткен малдың саны және оларды тұқымдылығы, класы, пайдалану мақсаты, генетикалық топтары бойынша бөлу;
  • Табынның және асыл тұқымды ядро сиырларының тірілей салмағы, дене түзілімі және сырт пішіні, сүттілігі, жас төлдерінің өсуі бойынша сипаттамасы;
  • Алғашқы рет ұрықталған қашарлардың жасы және тірілей салмағы;
  • Бұқашықтарды өз өнімділігі бойынша сынаудың нәтижелері;
  • Бұқаларды ұрпағының сапасымен бағалаудың нәтижелері;
  • Сатылған асыл тұқымды жас малдардың кластылығы;
  • Селекциялық-асылдандыру жоспарының орындалуы.

Осы жоғарыда аталған Заң талаптарын басшылыққа алып, Нұсқаулық талаптарын орындау мақсатында Жаңақала ауданы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы және тауарлы табындарды түрлендіру бағдарламасына қатысушы шаруашылық құрылымдарына асыл тұқымды малдарын, асыл тұқымды сатып алынған бұқаларын тамыз айынан бастап 1 қазанға дейін бонитерлеуден (бағалаудан) өткізу, бағалаудың қорытындысын 1 қарашаға дейін тапсыруға және ақпараттық талдау жүйесіне (ИАС) енгізуге тиістігін хабарлаймыз.


Бағалаудан өтпеген асыл тұқымды малдарды тұқымдық мақсатта өткізген немесе бағалауды мемлекеттік реестрге тіркелмеген сыныптаушылар жүргізген жағдайларда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР-ның 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V-ҚРЗ Кодексінің 407-бап 2-тармағына сәйкес әкімшілік шара қолданылады. Қосымша туындаған сұрақтар болған жағдайда ҚР АШМ АӨК МИК Жаңақала аудандық аумақтық инспекциясына хабарласуыңызға болады. Байланыс тел.: 21-965, ұялы.тел. 87769157059


Нұрхан ӘБІШЕВ


ҚР АШМ АӨК МИК Жаңақала аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы - асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы