Қазіргі уақытта жеміс-жидек және көкөніс өнімдерінің маусымы кезеңіне байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Сырым аудандық аумақтық инспекциясы жергілікті тұрғындарды қырағы болып, өлкемізге қауын шыбыны сияқты зиянкес жәндіктерден келетін қауіптен сақтық шараларын сақтауды сұрайды.
Сырым ауданында қауын шыбыны жоқ, алайда үлкен көлемде қауын мен қарбыз өнімдері тасымалданатын Түркістан облысынан келу қаупі бар. Аталған зиянкес биологиялық ерекшеліктеріне байланысты өте қауіпті және жойылуы қиын зиянкестердің бірі болып табылады. Қауын шыбыны бақша дақылдарын, соның ішінде қауын, қарбыз және қиярды залалдайтынын айта кеткен жөн. Негізінен бақша дақылдарына қауын шыбынының дернәсілдері көп залал келтіреді. Дернәсілдері бақша дақылдарының етті шырынды қабатымен қоректенеді. Залалданған жемістердің ішіне ауа кірген соң шіріп, бүліне бастайды. Бүлінген жемістен жаман иіс те шығатыны белгілі, сондықтан ол жеуге жарамайды. Ал, жеген адамның улануы мүмкін.
Сондықтан, аталған зиянкестен туындайтын қауіп-қатерден тұрғындардың мұқият болулары қажет. Егер сіз сатып алған қауын немесе қарбызда қауын шыбыны бар болған жағдайда, оны тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшікке лақтырмай, өзіңіз тұратын аймақтағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясына зерттеуге әкелген жөн.
Сонымен қатар, туындаған сұрақтар бойынша 8(71134)-31-1-36 байланыс телефонына хабарласып немесе өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторға жолығуға болады. Әр аптаның сәрсенбі күні (сағ.10:00-ден 12:00-ге дейін) азаматтарды жеке қабылдау өткізіледі.
ҚР АШМ АӨК МИК Сырым аудандық аумақтық инспекциясы, Жымпиты ауылы, Қазақстан көшесі, 15 мекен-жайында орналасқан.
Айгерім КЕНЕСОВА
ҚР АШМ АӨК МИК Сырым аудандық аумақтық
инспекциясының бас маманы - өсімдіктер карантині
жөніндегі мемлекеттік инспекторы










