Өткен аптада Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары И.Стексовтың төрағалығымен Орал қаласы аумағында белгіленбеген орындарда заңсыз сауда орындарын жою мәселесі туралы кеңес отырысы өткізілді. Жиынға Қазақстан Республикасы АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы, Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы, БҚО тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы, Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы, Батыс Қазақстан облысының көліктік бақылау инспекциясы, Орал қаласының кәсіпкерлік бөлімі, Орал қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылары қатынасты.
Қазіргі уақытта облыс орталығындағы белгіленбеген орындарда заңсыз сауда жүзеге асырылып отырғандығы белгілі. Бұл біріншіден, жалпы қаланың санитарлық-экологиялық тазалығына кері әсерін тигізсе, екіншіден облыс аумағына тасымалданатын ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын тиісті санитарлық талаптардың бұзылуына жол берілуде. Нақты айтқанда, облыс аумағына әкелінген жүктердің тиісті қадағалау шараларынан өткізілмей, яғни зерттелмеген карантинге жатқызылған және ветеринариялық қадағалауға жататын өнімдердің сатылып, таратылуына әкеп соғуда. Аталған жағдайларда тиісті талаптарды қатаң сақтамау Қазақстан Республикасының заңнамаларына қайшы келеді. Облыс аумағына тасымалданатын жүктер негізінен қала орталығына енгізіліп, бүгінде жабайы сауда орындары К.Ахмирова, Ж.Досмухамедов және Кердері көшелері бойында іске асырылып отыр.
Осыған орай, кеңес қорытындысына сәйкес тиісті құзырлы органдармен алдағы уақытта белгіленбеген орындарда заңсыз сауда орындарын жою бойынша бірлесе шаралар қабылданатын болады.










