2017-2022 жылдарға арналған құқықтық ағарту саласын жетілдіру бойынша Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндет екендігі көрсетілген. Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, тамырын тереңге жайған қауіпті кеселдің бірі.

 Бұл туралы өткен аптада ҚР АШМ  АӨК МИК Шыңғырлау аудандық аумақтық инспекция басшысы Н.Султановтың төрағалығымен және инспекция мамандарының қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі жөніндегі басқосуда кеңінен талқыланды.

Жемқорлыққа қарсы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.    Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі-парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік аурудың алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан жылға өсе түсуде. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің мүддесінен шығатынымыз сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі-азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті. Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің биік көтеріліп жүруі үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл – індет адамзат баласына жат қасиет. Кеңестік дәуірден бастау алған, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты, бармақ басты әдеті әлі де болса қылаң беріп келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз. Бүгінгі таңда  сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар  сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың тиімді қызметін қамтамасыз етуді көздейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі принциптерін айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерін, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгілейді. Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны абзал. Мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар да қатаң жазаға тартылады.

Жиын соңында инспекция басшысы Н.Султанов қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, халық мүддесі үшін лауазымдық қызметті адал атқаруға шақырды.