Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласына басым бағыт беріліп отырғандығы баршаға белгілі. Осы орайда, ел өңірлерінде егін өнімдерінің бітік шығуы және оның сапасын тұрақты сақтау маңызды рөл атқарады.

Сондықтан, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын қамтамасыз ету мақсатында ең алдымен аймақтарда өсiмдiктердi зиянкестерден, арамшөптерден және өсiмдiктер ауруларынан қорғау және зиянды және аса қауіпті ағзаларға қарсы фитосанитариялық iс-шараларды дер кезінде жүзеге асыру міндеттеледі. Зиянды және аса қауіпті ағзаларға қарсы күрес химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу барысында адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмауды ұдайы назарда ұсталуы тиіс. Жоғары да аталған іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету бағытында Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шілдеде «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңы бекітілген болатын. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші шаруа құрылымдары мен қатысты ұйымдар осы заңнан туындайтын фитосанитариялық іс-шаралардың іске асырылуын орындауға жауапты болып табылады.

2018 жылы республикалық бюджет есебінен аса қауіпті зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары – 168,71 мың.га аумаққа жоспарланған болатын, соның ішінде итальяндық прусқа қарсы -166,71 мың.га, азиялық шегірткеге қарсы - 2,0 мың га құрады. Үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шаралары облысымыздың 7 ауданында, атап айтқанда Бөкейорда, Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау аймақтарында жүзеге асырылатын болады.

Ағымдағы жылдың сәуір айының басында итальян, азиат шегірткелерінің күбіршіктерін қарау және саршұнақтарға, тышқан тектес кеміргіштерге қарсы зерттеу жұмыстары қолға алынған болатын. Мамыр айында Бөкейорда, Жаңақала, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында итальяндық шегіртке дернәсілдерінің жер бетіне шыққаны туралы хабарлама түскен болатын.

Облысқа бөлінген улы химикаттар (пестицидтер) шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілуі тиісті аудандарға толықтай жеткізілді. Осыған орай, химиялық өңдеу шаралары 30 мамыр күні Бөкейорда және Жаңақала аудандарында басталды.

Итальян шегірткесіне қарсы зерттеу жоспары 1093,0 мың га, зерттелгені -252,7 мың га, қонысталғаны – 110,1 мың га, экономикалық зиянды шегінен жоғары -75,1 мың га, өңделгені -73,2 мың,га аумаққа жетті. Шымкент қаласының «Өсімдік қорғау МКОК» ЖШС және Оралдық «Магтоксин» ЖШС у бүріккіш газқондырғыларымен, Алматы қаласының «Агро СЛА» ЖШС жеңіл ұшақтары Бөкейорда, Жаңақала, Қаратөбе, Сырым аудандарында тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізуде.

Айта кететін жайт, ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айында ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Л.Р.Хайретдинов, ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалының басшысы А.Алдабергенов, облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Е.Курмашев және тиісті жауапты мамандар әдістемелік көмек көрсету және аса қауіпті зиянкестерге қарсы зерттеу және химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуін қадағалау мақсатында бірқатар аудандарда іс-сапармен болып, аудандық инспекция басшылары және мамандардың қатысуымен көршілес Ақтөбе және Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшыларымен және шекаралас аудандарының мамандарымен кездесті. Тиісті сала басшыларының кездесуі барысында шегірткелердің дамуы мен таралуына бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізіліп, зиянкестерге қарсы жүргізілетін іс-шаралардың ұйымдастырылуы мәселесі талқыланды. Кездесу соңында шекаралас аудандар арасында тиісті актілер әзірленді.