Өткен аптада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Орал қалалық аумақтық инспекциясының басшысы З.Машаевтың төрағалығымен инспекцияның жауапты қызметкерлері және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкерлік субъектілері өкілдерінің қатысуымен 2018 жылға арналған бекітілген жоспарға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде дөңгелек үстел өткізілді.

 

Қызметі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өткізу және тасымалдаумен тығыз байланысты жеке және заңды тұлғалардың өкілдері бас қосқан жиында  ҚР АШМ АӨК МИК Орал қалалық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы А.Джуламанова мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларын сақтау, өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттері туралы баяндама жасап, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңінен түсінік беріп өтті.

 

Жалпы бүгінгі таңда ҚР АШМ АӨК МИК Орал қалалық аумақтық инспекциясында өсімдіктер карантині саласы бойынша 2 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, «Карантинге жатқызылған өнімді ҚР-ның аумағында тасуға карантиндік сертификат беру» және «Карантинге жатқызылған ҚР-ның аумағынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитарлық сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі.

 

Карантинге жатқызылған өнімді уәкілетті органның, яғни ҚР АШМ АӨК МИК өңірлердегі аумақтық бөлімшелері беретін ҚР-нан тыс жерлерге шығаруға фитосанитариялық сертификаттар, ал ҚР-ның ішінде әкетуге карантиндік сертификаттар болған жағдайда рұқсат етіледі. Карантиндiк және фитосанитарлық сертификатты алу үшiн жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтiнiм бередi және карантиндiк жай-күйдi айқындау үшiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторға карантинге жатқызылған өнімді ұсынады. Фитосанитариялық  және карантиндік сертификатты карантинге жатқызылған өнiмде карантиндiк объектiлердiң бар-жоғын зерттеген өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор бередi. Әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм оның баратын пунктiнде қайтадан карантиндiк тексеруге жатады.  «Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндік сертификат беру» мемлекеттік қызметін көрсету нысаны электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде жүзеге асырылады.  Көрсетілетін қызметті берушіге құжаттардың толық топтамасын тапсырған сәттен бастап, сондай-ақ электронды үкімет портал арқылы жүгінген кезде фитосанитарлық сертификат 5  жұмыс күні, ал карантиндік сертификат 3 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Карантиндік және фитосанитарлық сертификаттарды беру мемлекеттік қызметтері, карантиндік өнімдерді қарау мен тексеру тегін жүргізіледі.

 

Сонымен қатар, өсімдіктер карантині саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету аясында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу маңызды шаралардың бірі.  Осыған орай, ҚР АШМ АӨК МИК Орал қалалық аумақтық инспекциясының 2018 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, қазіргі уақытта аталған жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ҚР АШМ АӨК МИК Орал қалалық аумақтық инспекциясы ғимаратының мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған орында, кедендік рәсімдеу орталығында және астық өндіру элеваторларында ақпараттық жадынамалар, сондай-ақ, «Сенім телефоны» туралы ақпарат орналастырылды. Карантиндік және фитосанитарлық сертификат рәсімдеуге өтінімдер және дайын сертификаттар беру ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы ғимаратының «Бір терезе» қағидаты бойынша арнайы орында жүзеге асырылады.

 

Кеңес отырысы соңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Орал қалалық аумақтық инспекциясының басшысы З.Машаев инспекцияның жауапты қызметкерлеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.