Ағымдағы жылдың 19 қаңтарында ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Л.Хайредтиновтың төрағалығымен облыстық, қалалық аумақтық инспекция қызметкерлері және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкерлік субъектілері өкілдерінің басқосуымен өсімдіктер карантині саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы кеңес отырысы өткізілді.
Кеңес отырысында ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Л.Хайредтинов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік қызметті сапалы және уақытылы көрсету туралы тапсырмасының маңыздылығына тоқталды.
Жиында алғашқы болып сөз алған ҚР АШМ АӨК МИК БҚО аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині және фитосанитарлық қадағалау бекеттері мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Ж.Ешмұханов мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы баяндама жасады.
Бүгінгі таңда өсімдіктер карантині саласы бойынша 3 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Нақты айтқанда, «Карантинге жататын жүкті Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитариялық сертификат беру», «Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндік сертификат беру» және «Ғылыми-зерттеу мақсатында карантиндік объектілерді (карантиндік зиянды организмдерді) әкелуді келісу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі. Аталған мемлекеттік қызметтер «Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 4-4/500 бұйрығы және «өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 1 қазандағы № 15-05/873 бұйрығына сәйкес көрсетіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттерінде карантиндік және фитосанитарлық сертификаттар рәсімдеудің нақты талаптары белгіленген. Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндiк сертификат беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет өтінім түскен сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні және карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитариялық сертификат беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет өтінім түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Карантинге жатқызылған өнімдерді экспорттау кезінде карантиндік объектілерді анықтау мақсатында шығарылатын жүк және іріктеп алынған үлгілер міндетті түрде зерттеуден өтіп, көлік құралдары мұқият тексерілетін болады.
Сонымен қатар, кеңес барысында ҚР АШМ АӨК МИК БҚО аумақтық инспекциясының кадрлық, ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Т.Темиралиев инспекция қызметкерлерінің мемлекеттік қызмет көрсету, жұмыс барысында және қоғамдық орындарда әдеп қағидаларын қатаң сақтап, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға тиістігіне, өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге, мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалану, жалпы сыбайлас жемқорлық жемқорлық көріністеріне жол бермеу қажеттігін баса айтты.
Кеңес отырысында мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша кәсіпкерлік субъектілерін толғандырған сауалдар қойылып, инспекция қызметкерлері тарапынан нақты жауаптар қайтарылды.
Сонымен қатар, жиын соңында ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Л.Хайредтинов облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекцияның жауапты қызметкерлеріне өсімдіктер карантині саласы бойынша сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын үнемі жүргізіп отыру тиістігі туралы бірқатар тапсырмалар жүктеді.










